29/10/2025
Талғат Жайтуғанов: Электриктен супервайзерге дейінгі жол - табандылық пен еңбектің жемісі
Жылыой ауданының Құлсары қаласында тұратын Талғат Жайтуғанов - “KazGlobalSolutions” ЖШС-нің қарапайым электриктен супервайзер дәрежесіне дейін көтерілген еңбек адамы. Ол Теңіз кенішінде он жылдан астам уақыт бойы үздіксіз қызмет етіп келеді.
- Теңіз кен орнына 2015 жылы жұмысқа келдім. Бұған дейін бірнеше жыл «Қазақстан темір жолы» компаниясында істедім. Кейін Теңіздегі «Мако» ЖШС-де еңбек етіп, одан соң «Құлсарыгаз» мекемесінде (қазіргі “KazGlobalSolutions” ЖШС) электрик болып жұмысқа тұрдым. Қазір супервайзер қызметін атқарамын. Бастысы - еңбектену мен шыдамдылық. Талпынсаң, өсуге болады, - дейді ол.
Талғаттың еңбек жолы - қарапайым адамның үлкен биікке табандылықпен жеткенінің айғағы. Ол еңбек жолын электриктен бастаған, кейін шебер, электр тобының жетекшісі болған, бүгінде ұжымға бағыт-бағдар беретін супервайзер.
- Жұмыс барысында көп нәрсе үйренесің. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қараса, еңбегі міндетті түрде еленеді. Мен Үшінші буын зауыты жобасында еңбек еттім - ел экономикасына үлес қосқаныма мақтанамын, - дейді Талғат.
Оның айтуынша, Теңіз жобасында жұмыс істеу оңай емес. Бірақ еңбекқор, ізденімпаз адамға әрқашан мүмкіндік бар.
- Кейбіреулер «жәрмеңкелер өтірік ұйымдастырылады, бәрі алдын ала шешіліп қойған» дейді. Бірақ мен олай демес едім. Өзім жұмысымды еңбек жәрмеңкесі арқылы таптым. Құжаттарымды тапсырдым, сұхбаттан өттім - бәрі әділ өтті. Мүмкіндік бар, тек пайдалануды білу керек. Егер ниет болса, екі қолға бір күрек табылады. Мақсат қойсаң - жетесің. Мен әлі де қызмет бабында өсетініме сенемін, - дейді ол сеніммен.
Талғат Жайтуғановтың әңгімесі - қарапайым еңбектің, адалдық пен табандылықтың арқасында мақсатқа жетуге болатынын дәлелдейтін шынайы мысал. Оның жолы - жас мамандар үшін шабыт пен сенімнің айғағы.